Қазақстанда ақылы жолдар неге көбейетінін көлік министрі түсіндірді

Марат Қарабаев Қазақстан аумағы арқылы шетел көліктері көп өтетінін хабарлады.

"Олар Қазақстанның жолдарын пайдаланғаны үшін ақы төлеуі керек. Отандық автотасымалдаушыларға келсек, егер адам ақылы жолдың жақын аймағында тұрса, көлік нөмірі жалпы мәліметтер базасына енгізіледі. Ай сайынғы төлем небәрі 1000 теңге болады. Ал үлкен жүк көліктерінде абонент төлем жүйесі бар", — деп түсіндірді министр

Қазақстандағы жолдардың жалпы ұзындығы — 96 мың шақырым. Бұл республикалық және жергілікті маңызы бар автомобиль жолдары. Оның 3,2 мың шақырымы ғана ақылы жолдар.

"Ақылы жүйе бірінші кезекте транзит жолдарға енгізіліп жатыр. Біздің жолдар жақсы болғанын қалаймыз. Оларды күтіп ұстау үшін қаражат керек. Оны республикалық бюджеттен, азаматтардың қалтасынан емес, сол көліктерден аламыз. Жолды пайдаланғаны үшін ақы аламыз. Неге балама жолы жоқ? Өйткені мұндай жолдарды салуға екі есе көп қаржы керек. Егер балама жолдар қарастырсақ, бұл бюджетке орасан зор салмақ болады. Бюджет салық төлеушілердің есебінен қалыптасады. Сондықтан бюджетке түсетін жүктемені азайтуға бағытталған", — деді Көлік министрі.

28 қарашада ҚР Көлік министрі Марат Қарабаев елдегі ақылы автомобиль жолдары желісін кеңейту жоспары туралы айтты.

Сурет: Zakon.kz