Абай облысының делегациясы Үрімжі қаласында жұмыс сапарымен жүр. Қытай елінің ірі компаниялары Абай облысымен ынтымақтастық орнатуға дайын.
Сапар барысында кәсіпкерлер, бизнес өкілдері мен басқарма басшылары өңірлер арасындағы ұзақ мерзімді ынтымақтастықты және инвестициялық жобаларды жүзеге асыру мәселелерін талқылады.
"Қытай – біздің аймақтың негізгі сауда-экономикалық серіктесі. Биыл қаңтар-қазан айларында Абай облысының жалпы тауар айналымының 92% немесе 266 миллион АҚШ доллары Қытай өңірлерімен шекаралық сауда арқылы қамтамасыз етілген. Мәселен, экспорт 178 миллион АҚШ долларын, Қытай өнімдерінің импорты шамамен 88 миллион АҚШ долларды құрады", — деді Нұрлан Ұранхаев.
Сапар аясында облыстан арнайы барған делегация "Сан Бао" Шыңжаң сауда-өнеркәсіптік корпорациясы" ЖШС-нің басшылығымен кездесті. Бұл корпорация Қытай елінің ең ірі экспорттық-импорттық сауда, шетелде құрылыс жобалары арқылы келісімшарт жасау, өндіріс пен өңдеу, қойма және логистика, туристік сауда қызметтерін ұсынатын сауда кешені.
Шыңжаң және Қазақстан елінің кәсіпкерлері арасында іскерлік кездесу өтіп, онда ҚХР Шыңжаң-Ұйғыр автономиялы ауданының ірі компаниялары және Абай облысынан арнайы келген кәсіпкерлер, бизнес өкілдері арасында ынтымақтастық туралы бірқатар келісімдерге қол қойылды.
Бұдан бөлек, Абай облысының әкімі ҚКП ОК Саяси бюросының мүшесі, ҚХР Шыңжаң-Ұйғыр автономиялық ауданы ҚКП партия комитетінің хатшысы Ма Синжуймен кездесті. Кездесу барысында өңірлер арасындағы сауда-экономикалық ынтымақтастықтың дамуы жан-жақты сарапталды.
Басты назар өңіраралық ынтымақтастық мәселесіне аударылды. Бүгінде Қазақстан Шыңжаңмен өнеркәсіп, көлік, логистика, ауыл шаруашылығы және туризм саласында үлкен табысқа жетіп отыр. Екі аймақтың тұрақты дамуына ықпал ететін бұл ынтымақтастықты нығайту мен кеңейтудің қосымша мүмкіндігіне баса назар аударылды.
Өз кезегінде ҚХР Шыңжаң-Ұйғыр автономиялық ауданы ҚКП партия комитетінің хатшысы Ма Синжуй Қазақстан мен Қытай арасындағы тығыз экономикалық қарым-қатынастың стратегиялық маңызына тоқталды. Ол Шыңжаң-Ұйғыр автономиялы ауданы туризмді дамытуға, "Тачэн-Семей" тікелей әуерейсін ашуға, сонымен қатар "Бахты" бекетінде жүк-көлік ағынын арттырып қана қоймай, сонымен қатар туристердің де қатарына арттыру үшін бекетті жаңғырту жұмыстарын жеделдетудің маңыздылығына тоқталды.
Сонымен қатар, Ма Синжуй Шыңжаң-Ұйғыр автономиялы ауданының Абай облысымен ауыл шаруашылығы, геологиялық зерттеу, таукен-өндірісі, энергетика және білім беру сияқты стратегиялық маңызды салада ынтымақтастықты тереңдетуге дайын екенін айтты. Көрші өңір Абай өңірінен ет, астық, жүгері және күнбағыс майын алуға ниет білдірді, сондай-ақ, жел электр станциясын салу және студенттермен алмасу мүмкіндіктерін талқылауға дайын. Осы орайда, жақын арада Абай облысына арнайы ҚХР Шыңжаң-Ұйғыр автономиялы ауданынан арнайы делегация жіберу жоспарланған.
Сурет: Абай облысы әкімдігінің баспасөз қызметі