Атырау облысында полиэтилен шығаратын алғашқы зауыттың құрылысы басталды, деп хабарлайды LS тілшісі өңірлік әкімдікке сілтеме жасап.
Жоба "Ұлттық индустриялық мұнай-химия технопаркі" арнайы экономикалық аймағының аумағында іске асырылуда.
Әкімдіктің мәліметінше, қуаттылығы жылына 1,25 млн тонна полиэтилен өндіретін зауыттың құрылыс жұмыстары басталды.
"Жобаны Silleno жүзеге асырады, оның акционерлері "ҚазМұнайГаз" ҰК (40%), Sinopec Overseas Investment Holding (30%), "Сибур Холдинг" (30%)", — деп толықтырды әкімдікте.
Қаржыландыру акционерлердің қаражаты және халықаралық банктерден тартылған несиелер есебінен қамтамасыз етілетіні атап өтілді. Инвестициялар көлемі $7,4 млрд құрайды.
"Полиэтилен өндіруге арналған шикізат этан болып табылады, ол ҚМГ газ бөлу кешенінде "Теңізшевройл" компаниясының кен орындарынан құрғақ газдан бөлінетін болады", -деп түйіндеді әкімдікте.
Естеріңізге сала кетейік, жоба 2021-2025 жылдары басталады деп жоспарланған болатын. Алайда шетелдік инвестор зауыт құрылысына қатысудан бас тартты. Осыдан кейін энергетика министрлігі жаңа серіктес іздеуге кірісті.