Абай облысының орталығы Семей қаласында қала күні ерекше форматта аталып өтілді.
Шаралар "Benelux Bicycle Tour" велошеруінен бастау алды. Бұл веложарыс елімізде Астана, Алматы, Ақтөбе сынды қалаларынан кейін біздің Семейімізде өткізілуде. Веложарысқа 500-ге жуық велосипедші қатысты.
Сондай-ақ, қаламызда тұңғыш рет ерекше қажеттілігі бар балаларға арналған "Aman keleshek" фестивалі ұйымдастырылды. Іс-шараға қазақстандық спортшы Илья Ильин қатысып, шеберлік жаттығуларын көрсетті. Қаламыздың жас тұрғындарына арналған "Күзгі феерия" фестивалінде заманауи билер, жастар музыкалық топтары, аспаптық музыка, стендтік шоулар, аниматорлардың қатысуымен балаларға арналған ойын-сауық бағдарламасы ұйымдастырылды.
Арбат алаңында тұңғыш рет өткен "Семей батыры" спорттық сайысында Семей қаласының ең мықты спортшылары бақ сынасты. Олар мөшекпен қашықтықта жүгіру, темірді максималды ұзақ уақытқа ұстап тұру, гір тасын көтеру, бөренемен отырып-тұру, гір тасын иықтан жоғары көтеру, дөңгелекті көтеру бойынша сайысқа түсті.
Күштік экстрим бойынша 100 келіге дейінгі салмақ дәрежесіндегі ерлер арасында жүлделі І орынды Петров Андрей (250 мың теңге) иеленді. Күштік экстрим бойынша 100 кг-нан астам салмақ дәрежесіндегі ерлер арасында І орын иегері Бекбосынов Аслан (250 мың теңге) атанды. Жеңімпаздар мен жүлдегерлерге медальдар, арнайы ақшалай сыйлықтар мен сертификаттар табыс етілді.
Есте қалар оқиғасы Семей қаласының кондитерлері 20 метрлік торт әзірледі. Тәтті торттың әрлендірілуіне қала тұрғындары белсене қатысты.
Сондай-ақ, Ертіс өзенінің оң жағалауында қаламызда аты аңызға айналған “пончиктерді” жеуден жарыс ұйымдастырылды. Нәзік жанды арулар арасында мотиді жылдам жеуден І орын Іңкәр Есетқызы(42 секунд) иеленді.18-30 жас аралығындағы ер адамдар арасында пончиктерді жылдам жеуден жүлделі І орынды Жарқын Кикбаев(2 минут 57 секунд) иеленді. 35-50 жас аралығындағы ер адамдар арасында пончиктерді жылдам жеуден І орынды Оралбек Сарбасов(2 минут 19 секунд) иеленді. Аталған байқауда жеңімпаздарға арнайы ақшалай сыйлықтар мен сертификаттар табысталды.
Сондай-ақ, қаланың шеткері аумақтарында да қала күні аталып өтілді. Үш күнге созылған іс-шаралар Орталық алаңдағы ашық аспан астындағы Open Air концерттік бағдарламасымен ұласты. Шара соңы мерекелік концертке ұласып, эстрада жұлдыздары Raim, Нұрболат Абдуллин, Маржан Арапбаева, Еркеш Хасен, Мәди Рымбаев, Әли Оқапов өз өнерлерін көрсетіп, Семей қаласының тұрғындары мен қонақтарына ерекше көңіл сыйлады. Мерекелік шара отшашумен аяқталды.
Айта кетейік, 3 күнге созылған салтанатты шараны 25 000-ға жуық адам тамашалады.
Сурет: Семей қаласы әкімдігінің баспасөз қызметі