Қала мәртебесін алғаннан бері Қосшы тұрғындарының өмірі қалай өзгерді?
Инфрақұрылым және логистика мәселелерін шешу үшін тұрғындар ұзақ уақыт бойы ауылды астанаға қосуды сұрады. Алайда, 2021 жылы шілденің соңына қарай Қосшы қала атанды. Власть Қосшыға барып, жаңа мәртебеге ие болғаннан кейін қалада өмір қалай өзгергенін біліп қайтты.
Астанадан Қосшыға қалааралық автобуспен жетуге болады. Тұрғындардың көбі қоғамдық көлікке Қабанбай батыр даңғылындағы Назарбаев Университет және “Азия парк” СОО аялдамасынан мінеді. Кейбірі тура барса, кейбірі көлік ауыстырады. Сағат кешкі бес жарымда №303 маршруттың автобусына мінуге тырыстық. Көлік лезде толды да, бірнеше минут бойы жүргізуші лық толы автобустың есігін жабуға тырысты. Бізге келесі автобусты күтуге тура келді.
Жол бойында Қосшыға баратын жолаушыларды жинап әкететін автокөліктер тұр. Жол ақысы – адам басына 400 теңге. Осындай таксимен қаланың бойымен өтетін Республика даңғылына дейін жетуге болады.
Төртінші жолаушыны тауып, көлік салонын толтырғысы келген жүргізушілердің бірі «Лесная поляна! Лесная поляна! Бір орын бар», – деп айғайлайды.
«Лесная поляна» – астанадан қалаға келгендерді қарсы алатын Қосшыдағы ықшамаудан. Жол бойында көлік жөндеу орындары мен дүкендер орналасқан. Қосшыға 20-30 минутта жетуге болады. Жолда бетон зауыты, ипподром, салынып бітпеген ірі құрылыс орындары, ағаштар мен веложол бар.
Көпшілік Қосшыға кіре салғандағы бірінші аялдамадан түседі. Тұрғын үйлер көп болғандықтан, «Лесная поляна» қала орталығына ұқсайды. Қарақат сатып тұрған жергілікті тұрғынның бірі Қосшы туралы сұрағымызға жауап бергісі келмеді. Өзінің Қосшыға дым қатысы жоқтай сыңай танытып, ар жақты сілтеді. «Лесная полянаны» Қосшының қалған бөлігінен қатты ерекшелейтін – асфальт төселген тар көшелері, тротуарлары және көпқабатты үйлері.
Жаңа мәртебе, ескі мәселе
Қосшы ұзақ уақыт бойы ауыл болып келіп, 2021 жылы қала мәртебесін алды. Ресми деректерге сүйенсек, қалада 50 мыңнан астам адам өмір сүреді, алайда іс жүзінде тұрғындардың саны 100 мыңнан асып кеткен, бұны жергілікті билік те растайды. Қосшы “Астананың спальный районына” айналып бара жатқандай. Бұрынғы ауыл тұрғындары астанаға тәуелділікке байланысты оны қалаға қосуды сұраған.
“Тұрғындар түрлі мемлекеттік бағдарламаға қатысқысы келеді, алайда ол үшін Астанада тіркелу қажет, сондықтан Астананы Қосшыға қосу қажет деп сенгенмін. Мұнда ешкім де тіркелмейді, себебі көп нәрседен құр қаласың, кедергілер пайда болады. Ең болмаса, Қосшы тұрғындарына мемлекеттік бағдарламаларға қатысуға мүмкіндік беру керек, сол кезде тіркелуге болады”, – дейді мұнда 2019 жылдан бері тұрып жатқан Марат Сапарғали.
Марат Астанадан Қосшыға жер үйде тұру үшін көшіп келген. Ол Қосшыны қала айналасындағы ауылдардың ішіндегі әлеуеті ең зор деп таңдады. Екі жыл Қосшы ауылында, тағы екі жыл Қосшы қаласында тұрды. Ерекшелікті байқамады. Бөліп айтатындай жалғыз оң өзгеріс – қар жауғанда жолды күрейді. Қосшы ауыл болып тұрғанда жолды тұрғындар өзі тазалайтын.
Марат электр қуаты мен жол мәселесі ушығып тұрғанын айтты. Мұнда көшіп келгеннен кейін бір жылдан соң ғана асфальт пайда болғанын айтады, дегенмен, қаланың басым бөлігінде тротуар жоқ немесе соңына дейін бітпеген.
Апат пен жоспарлы жөндеу жұмыстарын есепке алмағанның өзінде, қалада электр қуатын жиі өшіреді. Марат биылғы ақпанда 18 сағат жарықсыз отыр кезіндерін есіне алды. Су да электр қуатына тәуелді болған соң, қалада жарық болмаса, су да болмайды.
“Сол күні қатты боран болды. Трасса жабылып, көліктер жүре алмай қалды. Түсінесіз ғой, бұл жеке сектор болғандықтан, бәрінде қазандық бар. Ол электр қуатымен жұмыс істейді, ток болмаса, жарылуы мүмкін”, – дейді Марат.
Мәселе сапасыз менеджмент пен жөндеу жұмысының уақытында болмауында деп санайды. Қалада тұрғындар “делдал компания” деп атап кеткен “КИПЭСТ” компаниясы қызмет көрсетеді.
“Біз ұзақ уақыт бойы 2500 теңге төлеп келдік. Кейін техника-экономикалық негіздемесін сұрап едік, негіздеп бере алмады (тарифті – В). Енді қызмет ақысын 2000 теңгеге дейін түсірді. Қандай қызмет екені түсініксіз. Ақша (компания тұтынушылардан алған) кабель ауыстыруға жұмсалып жатқан жоқ”, – дейді Марат.
Тұрғындар бұл компанияны кетіріп, тікелей АЭҮК-пен (Ақмола электр желісін үлестіру компаниясы) жұмыс істеуді ұзақ уақыт бойы сұраған, бірақ жақында “КИПЭСТ”-тің орнына “Орда Құрылыс” компаниясы келді. Әкімдік жаңа компанияға тұрғындар қызмет көрсету ақысын төлемейді деп уәде бергенімен, тұрғындар әлі де делдал компанияның болуына қарсы.
Қосшыдағы басты әрі бұрыннан келе жатқан тағы бір мәселе – қоқыс шығару. Қаладағы қоқыс жәшіктері 4-5 күн бойы аузы-мұрнынан шығып толып тұрады. Жел болса, пакеттер мен қалдықтар жан-жаққа ұшады. Марат қоқыс шығару жұмысы “бетімен кеткен” дейді.
“Қызмет көрсететін “SAF-2013” ЖШС жұмысын дұрыс атқармайды. Видео түсіріп, шашылып жатқан қоқысты көзге шұқып көрсетпейінше, келмейді. Нақты кестесі жоқ”, – дейді ол.
Астанаға тәуелділік
Ақжарқын Қосшыға аз уақыт бұрын ғана көшіп келіпті. Оның алдында екі жыл бойы Астанада тұрып, Қосшыдағы медицина орталығында жұмыс істеген. Ол Қосшыда бәрі де бар, бірақ жеткіліксіз деп санайды. Мысалы, балаларға ойын алаңдары жетіспейтінін айтады. Оған қоса, қалада емхана салынғанымен, мамандар жеткіліксіз.
“Жекелеген мамандардың қабылдауына кіру үшін қалаға жібереді, басқа жол жоқ. Сосын бізге аурухана мен перзентхана жетіспейді. Қала [Астана – В.] жақын болған болған соң ол туралы жиі айтылмай қалады. Астанаға автобуспен, таксимен тез жетуге болады, бірақ жақын маңдағы Қабанбай батыр мен Тайтөбе ауылдарынан жету қиынырақ. Ол жақта қатты байқалады”, – дейді Ақжарқын ханым.
23 маусымда қала әкімінің халықпен кездесуінде заң бойынша 10 мың адамға бір жедел жәрдем бригадасы керек делінген, яғни қала тұрғындарының ресми санына байланысты бес-ақ бригада бар, сондықтан жағдай мүшкіл. Медициналық қызмет алу үшін Қосшы тұрғындарына Астанаға баруға тура келетінін ауласында көршісі Нұржаһан апамен отырған Қосшы тұрғыны Алтын Сариева да растайды.
“Медицина өте қымбат. Жаңа емханада дәрігер жоқ. Бірнеше ай болды салынғанына, бірақ жұмысы дұрысталмады. Диагностикаға жолдама да бермейді, сондықтан өз қалтамнан төлеймін. Кеше танысымның көзі ауыра бастады, ал офтальмолог жоқ. Аптасына бір рет келеді. Бізге мамандар мен құрал-жабдық керек. Мамандар техникасыз қабылдайды да, бірнәрсе жазып береді, әйтеуір. Өкінішке қарай, қалаға баруға бәрінің мүмкіндігі жете бермейді. Дәрілер де қымбат: бірін аласың, біріне ақшаң жетпейді”, – дейді Алтын.
Біздің әңгімемізді әуеде ұшып бара жатқан ұшақтың шуы тоқтатты. Әуежайдың жақын орналасуына байланысты мұндай жиі кездеседі. Әйелдер уақытында ұйықтап қалмаса, шуылдан біраз қиналатынын айтады.
Жұмыссыздық пен ретсіз құрылыс
Алтын Сариева Қосшыға Сәтбаев қаласынан 2013 жылы балалары мен немерелері үшін көшіп келген. Оның сөзінше, аймақта жастардың дамуы үшін ешқандай мүмкіндік болмаған. Қосшыға көшкенде мәселе көп еді, қазір де аз емес дейді.
“Астананың проблемасы бізде де бар. Үй сала береді, ал оларға су мен жылу керек қой. Қазірдің өзінде сезіліп жатыр, қыста қалай болатынын білмеймін. Құбырлар шіріп жатыр. Салмай тұрып ойланбағаны көрініп тұр. Жаңбыр жауғанда мына жол мен аула батпаққа батады. Балалар резеңке аяқкиім киюі керек. Бұның қалай салынғанын, қалай жобаланғанын ойласам, жыным келеді. Былай қарасаң, сауатты адамдар, бірақ істеген ісі сәйкес келмейді. Бұл әкімнің кінәсі”, – дейді Алтын Сариева.
Қосшыда көптеген құрылыс нысанын байқауға болады – қала статусын алғаннан кейін құрылыс көлемі күрт өскен. Тұрғын үй кешендері, сауда орталығы мен әлеуметтік нысандар салынып жатыр.
Моңғолиядан он жыл бұрын көшіп келген Абзалбек осы себептен жұмыс орындарының басым бөлігі құрылыс саласына тиесілі екенін айтады. Қосшыны жылжымайтын мүлік бағасы арзандау болғаны үшін таңдаған. Құрылыстан басқа жұмыс орны әкімшілік сектор, сауда, әлеуметтік нысандарда және жаз бойы демалыс аймақтарында бар. Абзалбектің өзі астанада құрылысшы болып істейді. Қосшыда қала да, үйлердің күтімі де төмен дәрежеде деп есептейді.
“Қосшыда ОСИ-дің [мүлік иелерінің берлестігі (МИБ) – В.] жұмысы нашар. Үйге назар аудармайды. Көп жерде түнде жарық жоқ, аулаға жарық тек терезеден түседі. Қала лас, қоқыс. Сосын қалада ағаштарды, көгалды суғарғанын көрмеппін. Қалада [Астанада – В.] күнде көремін”, – дейді Абзалбек.
Қалада Қосшыдағы өмір туралы айтып беруден бас тартатын ер адамдарды жиі кездестірдік. Бұны мұнда уақытша келгенімен түсіндіреді: бірі науқанға қарай бірнеше айға келсе, енді бірі тек бірнеше аптаға келген. Жергілікті хостел иесінің күйеуі Ерлан Саманов мұнда көбіне жұмысшылар тұратынын айтты.
“Алматылық жұмысшылар бір айдай өмір сүрді, бір аптадан соң ораламыз деді. Жақында “Қазгеологиядан” геологтар болды. Әуежай да жақын, ауысып мінуді күту үшін тәулікке алатындар аз емес,” – дейді Ерлан.
Ол кәсіп жасауға ғимаратты қалай алғаны туралы айтып берді. Алдымен онда азық-түлік немесе құрылыс дүкенін ашпақ болған, бірақ бәсеке күшті болыпты. Кейін медициналық орталық ашуды ойлағанмен, оның реті келмепті. Сол кезде әйелі екеуі Қосшыда хостел жоқ екенін түсінді. Ескерусіз тұрған сала әрі көп қаражатты қажет етпейді. Қазір хостелде сыйымдылығы әртүрлі жеті бөлме бар.
Бес балалы ерлі-зайыптылар Қарағандыдан Қосшы қаласының құрамына кіретін Тайтөбе ауылына 2017 жылы көшіп келген. Астанаға жақынырақ болу үшін көшіп келдік дейді.
“Енді ғана көшіп келгенде, қаладан алыс екеніміз және ауыл болғаны шошытты. Бірақ үй ұнады, ауасы таза. Ауыл төбеде орналасқандықтан, астана алақандағыдай көрінеді. Нияз бидің үлкен мазары тұр, тарихы терең бұл жердің. Ақмола мен Астана Тайтөбеден басталмай ма”, – дейді Ерлан.
Бағытсыз даму
Қосшы маңындағы Сарқырама өзенінің арғы жағасында Тайтөбе деген шағын ауыл бар. Биыл қаңтардан бастап қаланың құрамына кірсе де, бұл жердегі инфрақұрылымның жағдайы мүшкіл. Ерланның айтуынша, қалада канализация жоқ, тұрғындар септикті қолданады. 2019 жылы мұнда су құбыры салынуы керек еді. Ол үшін ауылды қазып тастағанымен, құбыр магистралін құрылыс технологиясы мен нормаларын бұзып орнатқан.
“Нәтижесінде 2019 жылы сол күйі су құбырын жүргізбеді, бәрі ұңғыманы пайдаланады. Құбырды көміп қойған, яғни бәрін түзету үшін қайтадан бәрін қазу керек. Ал қазір жол салып жатыр. Жолды істеп болады да, кейін құбырды жөндей ме”, – дейді Ерлан.
Ерлан – ауылдағы жергілікті қоғамдастық мүшесі, жиналыстарда су мен канализация мәселесі үнемі айтылады дейді, алайда жағдай өзгерер емес.
Түсте Тайтөбенің көшелерінде жүрген адам аз. Қала ортасында ауылдың ең ұзын ғимараты – мешіт орналасқан, ал оның жанында мектеп бар. Оншақты адам мешіт жанындағы аялдамаға астанамен байланыстыратын жалғыз автобусты күтіп тұр. Екі ер адам аялдама қасындағы көліктің жанында әлдене туралы әңгімелесіп тұр. Автобус аялдамаға жақындағанда біреуі “келді-ау, әйтеуір” деп, автобус есігінің алдында тұрған кезекке қосылады.
Көліктің жанында қалған Тайтөбе тұрғынының есімі – Азат. Он үш жыл бұрын Астанадан көшіп келген. Қазір жұмыссыз, күнделікті адам тасумен нан табады. Өзі көп қалжыңдайды. Азаттың балалары бар, әкімдік ойын алаңын салғанына қарамастан, бұл бір ауыл үшін аздық етеді дейді. Қосшының қала мәртебесін алуы ештеңені де өзгерткен жоқ дейді.
“Қаланың жобасы жоқ қой. Бағыт жоқ, қала сияқты тартпайды. Жұрттың бәрі Астанаға кетеді. Аты қала, әйтеуір. Ішіп-жемектің барлығын қаладан аласың. Құрылыс материалдары, азық-түлік қымбат. Мұнда бәрі қымбат, Астанадан алу керек”, – дейді Азат.
Азат аялдаманы көрсетіп, автобусты сағаттап күтіп отыратын жұртты жазда күннен, қыста суықтан қорғамайтынын айтып шағынды. Тұрғындардың көбі астанада жұмыс істегендіктен, бұл халық үшін маңызды аялдама. Қалғандары мал бағумен күн көреді. Бұнда жылқы, түйе мен сиыр асырайды. Ауылдағы өмір қиын дейді, бірақ көшіп келгеніне еш өкінбейді.
“Ауасы таза. Бәріміз ауылдан шықтық қой, кім ауылдан шықпаған? Халқы жақсы. Тайтөбеде дүниеміз далада жатады, ешкім ештеңе алмайды. Жері таза, адамдары жұмсақ. Тек қымбатшылық бар, қалаға қосу керек еді [Астанаға – В.]. Ауылдың әкімі жүгіріп жүр, бірақ бәрі жоғарыдан келеді ғой. Бас жақтан бекітілгенше... біздің ауылға келгенше өзен бұлақ болып қалады. Ол бұлақ кімге жетеді сонда?” – дейді Азат.
Азат та Ерлан сияқты қаладағы ауыз су мәселесіне налиды. Бос бөтелкелерге су толтыру үшін Қосшыға барады.
“Адамдар таң атпай, беске қарай шығады осы жерден, сосын кептеліс кесірінен түнгі 8-10-да келеді. Үйіне келеді, тамағын ішеді, ұйықтайды. Демалыс күндері баласының кірін жуады. Жетіспеген заман. Сол өмір. Бес-он тиын табады мына қымбатшылық заманда. Несиесін жаба ма, баласын баға ма? Халықтың кірісі өте төмен. Картобың 230–250 теңге мынандай кең-байтақ жерде. Бізге мына ауылдағыларға жер берсе, керек нәрсені еге аламыз. Тайтөбе – картоп, сәбіз мен жүгерінің мекені. Ағаш та еккісі келеді халық, бірақ уақыты жоқ”, – дейді Азат.
Кешке “Лесная поляна” астанадан қайтып келген адамдарға толады. Аулада футбол алаңы мен құмда ойнап жүрген балалардың айғайы естіледі. Аулалардың біріндегі самалжайда бір топ егде адам карта ойнап отыр. Оның бірі – 85-тегі Төлеухан Елімсарин. Ол отбасымен бірге болу үшін Қосшыға 2019 жылы келген. Мемлекет зейнеткерлерді ұмытып кеткеніне налиды. 46 жыл еңбек өтілі болғанымен, зейнетақысы 90 мың ғана екен.
“Бізді мүлдем елемейді. Бар-жоғымыз бәрібір. Айтуға да ұят. 80–90 мың зейнетақы алатындар, азғантай жәрдемақыға қарап отырғандар қалай өмір сүруі керек? Жейдені қойшы, жай шұлық пен ішкиім алу оңай емес. Үкімет бұның бәрін біледі ғой, бұндай бағалар қайдан келді? – дейді ол. – Жастар да көп тауып жатқан жоқ. Ақшамыз қайда біздің? Жастарымызды жоғалтып алмайық. Мен он басшыны ауыстырыппын Сталиннен бастап есептесек. Соғыстан кейін туған баламын, аштық, үйдің сынған терезесі есімде. Өмір бойы қара су мен қара нан жеп келген адаммын. Бұны өзгерту керек. Халық туралы ойлайтын уақыт келді.”
Жақын жерде өзеннің жағасында балық аулап, масадан қорғану үшін дайындалып келген бір топ балықшыны байқауға болады.
“Қазірдің өзінде астаналық деңгейге жетіп қалдық”
Қосшының болашағына әкімнің орынбасары Әсет Мұқанов нық сеніммен қарайды. Мұқанов ауыл кезден қалған мәселелер көп болғанына қарамастан, қаланы көз тартарлық деп санайды. Қаланың бас жоспары әлі бекітілмеген, қала ауылдың бас жоспарымен дамып жатыр.
Мұқановтың сөзінше, қаладағы қоқыс мәселесі “Қосшы Тазалық” компаниясының Тайтөбе ауылындағы заңсыз полигонның жабылуына байланысты нарықтан кетуінен басталды. Қосшы әуежайдың маңында орналасқан, сондықтан қоқысты жинау мүмкін емес. Қазір қалдықтың бәрі Астананың экополигонына шығарылады. Мұқанов алдыңғы жылы 140 қоқыс алаңы орнатылғанын айтады, бірақ олардың бәрі ашық типті болған. Биыл әкімдік қоқыс ұшып кетпеуі үшін жабық типті қоқыс алаңын орната бастапты. Контейнер алаңына қала әкімдігі 1 миллион теңге жұмсап, әкімдік осындай 31 орын жасаған.
Мұқанов қаладағы электр тогына жауапты “КИПЭСТ” компаниясының жөндеу жұмысына қаражаты болмағанын айтады. Оның сөзінше, жобалардың бәрі алдыңғы әкімдерден мұраға қалған. Техникалық әлеуеті жоқ компанияның қалайша жұмыс істегенін түсінбейді. Электр тогын АЭҮК-ке беру мүмкін емес, себебі электр желісі стандартқа сай келмейді.
“Мұнда электр желісін жүргізген “БАЗИС-СК” деген компания бар. Бұл жоба аяқталмай қалды, бір бөлігі ұрланды. “КИПЭСТ” соның орнына электр желілеріне қызмет көрсету үшін құрылды. Енді жаңа “Орда Құрылыс” компаниясы келді. Оның тәжірибесі мен жеке лабораториясы бар”, – дейді Мұқанов.
Ол қалада 350 орындық жаңа аурухана салынатынын, қазір жобасы жасалып жатқанын айтады. Оған қоса, жедел жәрдем көліктерінің саны да артады, алайда бұның бәрі 2025 жылға жоспарланған.
“Қалада іс жүзінде 100 мыңдай адам тұрады. Адамдар сквер, саябақ сұрайды, алайда бұның бәрі жергілікті бюджеттің есебінен төленеді, ал бізге ақша жетпейді. Біз бұл жобалардың бәрін облыстық және республикалық бюджеттің көмегімен жүзеге асырамыз. Қаладағы көліктердің көбінде 01 коды бар, яғни көлік салығы да бас қалаға кетеді”, – дейді әкім орынбасары.
Мұқанов Астана әкімдігі жаңа автобустар сатып алғаннан кейін, Астана автобустарының бір бөлігі Қосшыға беріледі дейді. 2022 жылы қалада 19 орындық Mercedes Sprint көліктерін қолдану арқылы қала ішіндегі маршруттарды енгізу пилоттық жобасы болғанын айтады. Алайда, әкімнің айтуынша, тұрғындарға екі рет төлеу тиімсіз болған.
“Тайтөбені Қосшыға қосумен байланысты біз №1 автобус маршрутын енгіздік. Ол қаланың барлық көшесімен жүріп өтеді. Қазір бұл жоба келісіліп жатыр. Бұл әлеуметтік маңызы бар маршрут және оған субсидия бөлу қарастырылған”, – дейді әкім орынбасары.
Қалада газ беру 2025 жылы басталады. Қосылу нүктесі таңдалды, бірақ жобаның іске асуы тек Астана қосылғаннан кейін басталады. Мұқанов орталық қазандық бар күшімен жұмыс істеп тұрғанын мойындайды. Ретсіз құрылыс Қосшыдағы Diamond Park қалашығын жылумен қамтамасыз ететін бөлек қазандықтың қала ортасында болуына алып келді. Ол басында эко-қазандық деп көрсетілгенмен, жергілікті тұрғындар оны жылытуға көмір қолданылатынын айтады. Мұқанов Diamond Park үйлерін жылытуға орталық қазандықтың күші жетпейтінін айтады. Қазір орталық қазандықтың қуаттылығын арттыру бойынша жоба дайындалып жатыр дейді.
Қаланың стратегиялық дамуы туралы сұраққа Мұқанов: “Бір-екі жылда ауыл қала атанбайды, өздеріңіз де түсінесіздер. Бәрі де қаражаттың бөлінуіне байланысты. Не болса да, дамуды жалғастыра береміз. Біз қазірдің өзінде астаналық деңгейге жетіп қалдық. Біздің бағдаршамдар астанадағыдай. Биыл бес бағдаршам салдық”, – деп жауап қатты.