Тоқаев Digital Bridge 2023 халықаралық форумына қатысты

Мемлекет басшысы Digital Bridge 2023 халықаралық форумына қатысты.

Қазақстан Президенті бұл форумның кейінгі бес жылда IT индустриясының соңғы үрдістері мен даму перспективаларын талқылауға арналған Орталық Азиядағы ең ірі алаңға айналғанын атап өтті, деп хабарлайды Caravan.kz медиа порталы Ақордаға сілтеме жасап.

Биыл Digital Bridge форумына 20 мыңнан астам адам жиналды. Оның ішінде 300-ден астам IT компанияның өкілдері және 30 елден келген делегация бар. Әдеттегідей Форумға қызығушылық жоғары. Бұл Қазақстанның Еуразия кеңістігінде жетекші әрі маңызды цифрлық және қаржылық технология хабы екенін тағы да нақтылай түседі. Мемлекет басшысының айтуынша, бүгінгі шараның тақырыбы – өте өзекті.

– Жасанды интеллект бұдан былай ғылыми фантастика емес, өмірдің ақиқатына айналды. Жаңа дәуірдің басталғанына куә болып отырмыз. Кезінде электр жарығы мен интернетті ойлап табу тіршілігімізді қалай түбегейлі өзгертсе, жасанды интеллекті технологиясының ықпалы да дәл сондай орасан зор. Ол адамзаттың тұрмыс салтын мүлдем басқа арнаға бұрып, жұмыс процестерін автоматтандырады және ауқымды экономикалық құндылық қалыптастыра алады. Кейбір сарапшылардың бағалауынша, жасанды интеллектінің жаһандық экономикаға қосатын елеулі үлесі – дүниежүзілік ЖІӨ-нің төрттен бір бөлігіне парапар. Аталған технологияның кең қолданысқа ие болуы Қазақстанның қарқынды дамуында маңызды рөл атқара алады, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Қасым-Жомарт Тоқаев білім беру жүйесін еңбек нарығының келешектегі сұранысына бейімдеу қажеттігін келесі басымдық ретінде атап өтті. Президент автоматтандыру және жасанды интеллектінің одан әрі дамуы жаһандағы еңбек нарығын түбегейлі өзгертеді деп санайды. Адам еңбегі трансформацияға ұшырап, мүлдем жаңа кәсіби дағдыларға сұраныс пайда болады. Сондықтан қызметкерлерді жаңа дағдыларға мектептен бастап баулу қажет. Мемлекет басшысы білікті ұстаз тапшылығын шешу мақсатында Үкіметке мектеп оқушылары мен студенттер үшін онлайн платформаны пилоттық режимде іске қосуды тапсырды. Сол арқылы олар бағдарлама жасауды үйренеді.

"Сонымен бірге университеттерде пәндерді оқытудың мазмұны мен әдісін айтарлықтай жаңарту қажет. Болашақ мұғалімдер, дәрігерлер, агрономдар, заңгерлер және салалық мамандар жасанды интеллект бойынша базалық білімді міндетті түрде меңгеруі керек. Назарбаев Университеті жанындағы Ақылды жүйелер және жасанды интеллект институтын толыққанды ғылыми-зерттеу институтына айналдыру тағы бір маңызды қадам болмақ. Ол үздік мамандар мен сарапшылардың орталығына айналып, біртұтас экожүйе қалыптастыруы керек. Институт құрамына IT индустриясының әлемдік және отандық көшбасшыларымен тығыз байланыста жұмыс істейтін ғылыми-зерттеу және тәжірибелік-конструкторлық жұмыстар орталығы кіреді. Осы ретте Институт әзірлемелерін тиісті деңгейде коммерцияландыру және кеңейту маңызды", – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.