Алматыда тұрғын үйлердегі жұмыс істемейтін бейнекамераларға кім жауапты

Алматы тұрғыны әлеуметтік желдіе 2015 жылдан бері үйінің подъезінде жұмыс істемейтін бейне бақылау жүйесінің қызметі үшін ақы төлеп келе жатқанын жазды, деп хабарлайды Kazinform.

Қала тұрғыны неліктен бейнебақылау жүйесіне ақы төлеуден бас тартатынын айтқан.

«Мен бұл қызмет үшін 2015 жылдан бері төлеп келдім. Бейне камерадағы жазбаларды берулері үшін бірнеше рет сервис қызметкерлерін шақырған едім. Бейне камералардың жұмыс істемейтіні белгілі болды. Осыдан соң аталған қызметті ұсынатын компанияға мұндай қызметтері қажет емес екенін және түбіртектен осы қызмет түрін алып тастау туралы хат жаздым. Сондай-ақ келісім-шарттың толық көшірмесін сұраған едім.. Алайда, ол көшірмені ала алмадым», — деп жазды қала тұрғыны.

Аталған мәселеге байланысты Алматы әкімдігіне сауал жолдаған едік. Алматы қаласы коммуналдық инфрақұрылымды дамыту басқармасынан жауап келді.

Ведомствоның мәліметінше, «ҚР тұрғын үй қатынастары туралы» заңының 18-бабының 3-тармағына сәйкес, пәтерлердің, тұрғын емес үй-жайлардың иелері кондоминиум объектісін басқаруға және кондоминиум объектісінің ортақ мүлкін күтіп-ұстауға арналған шығыстарға қатысады және осы заңда көзделген міндеттерді атқарады.

«Сонымен қатар, пәтер иелерінің бірлестіктері немесе басқарушы компаниялар өз қалауы бойынша мердігер ұйымдармен коммерциялық негізде шарттар жасайды. Қандай да бір техникалық ақаулар болған жағдайда, үй тұрғындары тұрғылықты жері бойынша қызмет көрсететін коммуналдық ұйымға тікелей жүгінуге тиіс», — деп хабарлады қалалық коммуналдық инфрақұрылымды дамыту басқармасы