Қазақстанда алдағы үш жылда теміржол тарифтерін біртіндеп арттыру жоспарлануда. Бұл туралы премьер-министрдің бірінші орынбасары Роман Скляр айтты, деп хабарлайды LS.
"Үш жыл ішінде олардың деңгейін рентабельділікке жеткізу үшін реттелетін теміржол тарифтері кезең-кезеңімен арттырылмақ. Сондай-ақ, шикізат экспорты үшін баға шегі тетігін қолдану жоспарлануда. Бұдан басқа, әуе жүктерін өңдеу көлемін ұлғайту үшін кедендік рәсімдерді жеңілдете отырып, арнайы экономикалық аймақтар құру жөнінде шаралар қабылданады, әуежайлардың инфрақұрылымын дамыту жеделдетіледі, цифрлық шешімдер енгізіледі", — деп хабарлады ол.
Оның айтуынша, әуежайларды дамыту үшін Катонқарағай, Зайсан және Кендірлі курорттық аймақтарына "Қазаэронавигация" қаражаты бағытталатын болады.
"Сондай-ақ, өнеркәсіпті дамыту қоры арқылы шағын әуе кемелерін сатып алу мәселесі пысықталатын болады. Бұдан басқа, автожолдарды орташа жөндеу 10 мың км-ге дейін ұлғайтылып, жұмыс барысын мониторингтеу үшін e-Joldar бірыңғай цифрлық платформасын іске қосылады", — деп атап өтті премьер-министрдің орынбасары.
Бұған дейін, президент Қасым-Жомарт Тоқаев халыққа Жолдауында теміржол саласын реформалау тарифтік жүйені қайта қараумен қатар жүруі тиіс екенін айтқан болатын. Бұл ретте жаңа тарифтер желінің тиісті жай-күйін сақтауға және оның өткізу қабілетін кеңейтуге мүмкіндік береді.