Түркістан облысы Сарыағаш ауданындағы бес жасар қызды өлтірген педофил Қара бүркіт түрмесінде жазасын өтейді. |
Бұл туралы Caravan.kz медиа-порталы "Отырар" басылымына сілтеме жасап хабарлайды.
Сотталушы өмірінің соңғы күніне дейін камерада отырады. Түрмеде педофилге мәжбүрлі химиялық кастрация жасалады. Нәпсісін төмендететін препарат баланы өлтірушіге айына кемінде бір рет енгізіледі.
"Жазасын одан әрі өтеу үшін мекемеге келгеннен кейін сотталушыға облыстық мамандандырылған психиатриялық комиссия медициналық тексерістен өткізеді. Одан кейін комиссияның қорытындысы бойынша сотталған адам жазасын өтейді. Медициналық-консультациялық комиссия химиялық кастрацияға арналған препаратты тағайындау туралы шешім қабылдайды. Дәрі екі аптада бір рет немесе айына бір рет бұлшықетке енгізуге тағайындалады. Тестерон деңгейін төмендету үшін талдау нәтижелері баса назарға алынады", — делінген Қостанай облыстық департаменті түзеу жүйесінің мәлімдемесінде.
Ғаибназаров биылғы жылдың қыркүйек айында бес жасар Еркежан Нұрмаханды зорлап, өлтіргені үшін сотталған болатын. Аса ауыр қылмыс жасағанға дейін ол кісі өлтіргені үшін 10 жылға жуық жазасын өтеген. Биыл мамыр айының басында досын жарақаттағаны үшін үш жылға бас бостандығын шектеу жазасына кесілген.
Бостандықта жүрген азамат барша қазақстандықтарды елең еткізген қылмыс жасады. Жоғалған Еркежанды бүкіл ауыл іздеді. Марқұмның туыстарының айтуынша, күдік бұрын сотталған көршісіне түскен. Оның үйінен бірнеше пышақ жарақаты бар қыздың жансыз денесі табылған. Бұл ретте, ата-анасының айтуынша, сотталушы ауылдастарымен бірге қызды іздеген. Сот Ғайбназаровты өмір бойына бас бостандығынан айырумен қатар, азапталған баланың отбасына 100 миллион теңге төлеуге міндеттеді.