1785 жылы кіші жүз қазақтарының қозғалысы кезінде Нұралы ханның Ресейге қазақ ауылдарын қираптып, жергілікті халықты қорқыту мақсатында әскер жіберуді сұрап жолдаған хаты әлеуметтік желіде жарияланды. |
Тарихи жазбаны Facebook желісінде тарихшы Нұрлан Сартаев бөлісті, деп хабарлайды Caravan.kz медиа порталы.
"Құрметті жоғары дәрежелі ордендердің иесі, кавалер, Уфа және Симбирск қалаларының губернаторы міндетін атқарушысы, Орынбор губерниясының бастығы, Орынбордың тұрақты және тұрақты емес әскерлерінің бас қолбасшысы Осип Андреевич Игельстром.
Сіздің 16 және 18 арыстан шоқжұлдызы күндері жіберген аса мәртебелі хатыңызды алдым. Хатта сіздің менімен жауласып жатқан қырғыз-қазақ қарақшыларының қылмыстық әрекетін спиаттауыңыз мені қапа қылды. Бұл қарақшы қырғыз-қазақтар аса мәртебелі сіз үшін қандай жау болса, мен үшін де сондай жау. Сіз маған қарсы шыққан, дұшпандық танытқан қарақшылардың әрекеттері үшін мені сөгіп отырғандайсыз: мен олардың ханы екенімді және сүйікті балаларымды жіберіп, олардың тұтқынындағы сіздің адамдарыңызды тартып алып, оларды сізге қайтарып беруімді жазыпсыз. Сіздің мені сөге жазған хатыңыз мені қатты ренжітті. Сіздің жазғаныңыздан маған сенбейтініңіз және мені олардың жағында деп ойлайтыныңыз байқалады. Сіздің бұл әрекетіңіз мені таң қалдырды. Мен сізге бұл қарақшылар мені жау көретінін жазсам, сіз маған сол қырғыз-қазақтарға ұлдарымды жіберуді ұсныпсыз. Бұл қарақшылар менің бұйрығымды тыңдамақ түгілі, балаларымды жіберсем оларды тірі жібермей, өлтіруі мүмкін. Осы себептен, қырғыз-қазақ қарақшыларының теріс қылықтары үшін сіз мені дос ретінде қабылдамайсыз әрі сенім артпайсыз деп ойлаймын. Ал, мен осы жақта да, қырғыз-қазақ жұртында да маған деген сенімнен айырылдым.
Олар орыс ханы бізге жат деп менен теріс айналып кетіп қалды. Менің екі жақта да бас сауғалап барар жерім қалмады. Бұл қарақшылардың маған деген өшпенділігін білгеннен кейін, мен сізге оларды әскер жіберу арқылы қорқытпасаңыз олардың басылмайтынын жаздым. Ал енді өзімнің тарапымнан сізге айтар достық ақыл-кеңесім бар. Егер, сіз Ор бекінісің төменгі бөлігінде орналасқан сол қарақшылардың ауылына әскер жіберіп, Елек пен Ембінің жоғары ағысындағы ауылдарды қиратып, оларды қорқытпасаңыз олар мені ешқашан хан деп мойынсұнбайды және бүлік шығаруды тоқтатпайды. Сізден сұрарым, осы хатта алған бойда әскер жіберіңіз.
Қорытындылай келе, жоғары дәрежелі сізге, және сіздің фамилияңыздың барлық құрметті мүшелеріне мәңгілік адал, шексіз еңбекқорлықпен, құрметпен қызмет ететін боламын.
Осы жазғандарымды растап, Нұрәлі хан, өз қолыммен мөрімді қостым. (Мөр басылған: хан Бахадур Нұр-Мұхамбет-ата жазуымен мөр басылған).
1785 Арыстан шоқжұлдызы (шілде) 21 күн", — делінген кіші жүз ханы Нұралының Осип Андреевич Игельстромға жолдаған хатында.
Сурет: Н. Каразиннің "ауылға шабуыл"картинасы.