«Тұл» фильмінің авторы өз шығармасындағы әлеуметтік мәселелер мен жалпы «әйелдер киносы» туралы әңгімелейді
Women make docs бастамасының негізін қалаушы Кристина Михайлова режиссёр Шарипа Оразбаевамен «Тұл» фильмі туралы сөйлесті. Фильмнің премьерасы 2024 жылы Бішкек халықаралық кинофестивалінде өтті. Қазақстандағы премьера Алматыдағы Qyzqaras Film Festival барысында болды. Бұл — «Қазақстанның авторлық киносы — әйелдер киносы» сериясындағы үшінші сұхбат.
Кристина Михайлова : «Тұл» Қанды Қаңтарға қатысты ашық әрі ауыр ойды ортаға салады. Бұл қасіреттің алғышарттары мен әлеуметтік жағдай және кейіпкерлердің тырбанған тіршілігі көрініс береді. Оқиғаның бас кейіпкері орта жастағы жесір әйел. Марқұм күйеуінің қарыздары жасөспірім қызы екеуіне артылады. Ал зауыттағы мардымсыз жалақымен қарыздан құтылу мүмкін емес. Абдырап жүрген әйел қысымға алған қарыз берушінің бірімен жыныстық қатынасқа барып, бала көтеріп қалады. Іштегі шарананы өзі түсіруге әрекет жасайды. Өзі азаптанып жатып, қызынан жетілмеген ұрықты далаға апарып тастауды өтінеді. Мұндай ауыр міндеттен қалай құтыларын білмеген жасөспірім қыз көше кезіп жүріп, шерушілерге кезігеді. Сөйтіп оқиға нақ қисынын тапқандай болады.
Отандық режиссёрлер жұмысшы таптың тұрмыс-тіршілігін көрсете бермейді. Көрсете қалса да, ойға қонымды көріністен гөрі сұрықсыз декорация түрінде жүреді. «Тұл» фильмінде зауыттағы жұмыс процесін, «еркекке тән» саналатын жұмысты әйел адам қалай атқаратынын, ұжымның қандай болатынын, уақыт қалай өтетінін, жұмыстағы үзілісті, жұмысшылар арасындағы қарым-қатынасты көреміз. Фильмде романтизация немесе поэтизация туралы ой жоқ, біз бұл тәжірибені тұрақты түрде қатысу арқылы қабылдаймыз және онымен байланыста боламыз. Қыздың да, анасының да жеке психологиялық драмасы зауыттың мета кеңістігімен тығыз байланысты, содан шығады. Шарипа, дәл осы хикаяны неге және қалай таңдағаныңды айтып берші.
Шарипа Оразбаева: Менің фильмдерімнің барлығы әлеуметтік кино. Қажетті тереңдік пайда болуы үшін әлеуметтік киноны философиямен ұштастыруға тырысамын. «Тұлға» дейін әйелдер туралы екі фильм түсірдім. «Тұл» да әйел мен оның қызы туралы. Неге екені белгісіз, қазақ киносында есею дегенде әңгіме көбінесе ұл баланың есеюі туралы болады. Бұған бір киелі нәрсе сияқты қарау бар. Неге қыз баланың есеюі туралы түсірмеске?! Қазақ классикасы дегенде Дәрежан Өмірбаевтың «Кардиограмма» фильмі бар, жалпы қазақ жаңа толқынының барлық фильмінде «үш ағайынды» болады. Өңшең ұл бала, жыныстық жетілу кезеңінде кенеттен жалаңаш әйелді көреді. Ол міндетті түрде дене бітімі келіскен әйел болып шығады және ұлдар соған әлдебір тесіктен сығалап қарайды.
Бұл жағдай режиссёр ретінде ойымнан шықпай жүрді, мен қыз баланың есеюін көрсеткім келді. Әрі осы сценарийге продюсер дәл табылды. Білесіз бе, кино деген қай кезде де қоғамның және қазіргі уақытта болып жатқан жайттардың көрінісі. Қанды Қаңтар көрінісін қосу — азаматтық ұстанымым. Осы ірі оқиғаның аясында менің кішкентай ғана хикаям орын табады. «Кішкентай» (қарапайым) адам ретінде мен бұл тақырыпқа қатысты өз ойымды қалай дұрыс ұсынарымды білмедім. Ақыры Қаңтар туралы үзінді қосамын деп шештім. Жобада тәуелсіз продюсерлер болды, олар маған қолдау білдірді, ал продюсерлік қолдаудың маңызы зор.
Қыздың оқиғасы — менің досымның басынан өткен шынайы оқиға. 2000-жылдары жасөспірім кезінде Алматыда интернатта оқиды, ал анасы кішігірім бір ауылда тұрды. Анасы жүкті болып қалады да, ауылда жасанды түсік жасату мүмкіндігі болмағандықтан Алматыға келеді. Түсік жасағаннан кейін ауруханада қалдырмай, қайтарып жібереді. Ал шарананы келесі күні ғана беретін болады. Анасының Алматыда қонатын жері болмайды да, қызына ауруханадан қорапты алып, автобустан ауылға салып жіберуді тапсырады. Бірақ қорапта не бар екенін ашып айтпайды. Дәрігерлер қорапты қыздың қолына ұстата салады. Қолындағы қораппен қала ішінде жүргенінде иттер ізіне түседі. Иттен қашып жүгіргенде құлап, қораптың аузы ашылып кетеді. Сонда қораптың ішінде шарана жатқанын көреді. Есеңгіреп қалған қыз не істерін білмей, басы ауған жаққа қарай жүреді, сөйтіп жүріп қорапты автобустан салып жібереді. Осыдан кейін психикасында ауытқу басталады.
Бұл оқиғаны естігенде, әйелдің немқұрайлы әрекеті қайран қалдырды. 2017 жылы осы сценариймен қысқа метрлі фильм түсіріп көрдім. Бұл өте ауыр хикая, содан да болар, ойымнан шықпай қойды. Ақыры Астанадан лайықты тәуелсіз продюсерлік компанияны кездестірдім. Олар авторлық киноны жақсы көреді және қолдайды. Тек бюджет аздау болды.
Кристина Михайлова: «Тұл» — «Мәриям» және «Қызыл анар» кіретін керемет авторлық трилогияңыздың соңғы бөлігі. Трилогиядағы барлық әйел кейіпкер — алғашқы қалпын бұзбаған, шындыққа жақын дерек әлемі. «Мәриям» фильмінде бас кейіпкерді актриса емес, протагонистің өзі сомдайды. Мұндай режиссёрлік тәсіл ерекше эмпатия мен сезімталдықты қажет етеді.
Шарипа Оразбаева: Мен өмірден алынатын оқиғаларды қатты жақсы көремін және әрқашан әлеуметтік бағдарламаларға қатысуға тырысамын, мұқтаж жандарға, табысы төмен және әртүрлі жағдайға байланысты әзірге өзін толық қамтамасыз ете алмайтын жандарға көмектесемін. Телевизия саласында әлеуметтік бағдарламаларда жұмыс істедім. Адамдардың осындай оқиғаларын көргенде, олардың қалай төтеп беретініне таңғаламын. Бұл идея ойлап табудан әлдеқайда қызық. Ешқашан хикаяны ойдан құрастырып көрмеппін, ойдан шығару өте қиын. Сценарий жазған кезде алдымен локация көремін, ары қарай идея пайда болады.
Кристина Михайлова: «Тұл» менталдық жалғыздықты көрсетеді. Бұл атауға өзің қандай мағына бересің?
Шарипа Оразбаева: Қазақта «тұл» деген сөз бар. Тек әлеуметтік жалғыздыққа қатысты емес, ішкі жалғыздық болған кезде айтады. Сені ешкім түсінбейді, жападан-жалғыз және өз-өзіңмен қаласың. Бұл атау менің кейіпкерімнің жан күйзелісі мен ішкі жай-күйін жеткізеді.
Кристина Михайлова: Шарипа, әдетте фильмдеріңді қалай түсіресің? Тәуелсіз компания әрдайым табыла ма? Мемлекеттен фильм түсіруге қаржы алып көрдің бе?
Шарипа Оразбаева: Жоқ, әзірге мемлекет бірде-бір фильміме қолдау көрсеткен жоқ. Қанша талпынғаныммен, нәтиже жоқ. Мысалы, «Мәриям» атты алғашқы толықметражды фильмді өз күшіммен түсірдім. Әріптестерімнен көмек сұрадым. Негізгі жұмысымның жалақысынан операторға жалақы төлеуге тура келгені есімде. Жалақымды кешіктіріп, оператор ақша сұрағанда жанымды қоярға жер таппадым. Жалақымды алып, түгелдей оператордың қолына ұстататынмын. (Күледі) Пандемия кезінде екінші фильмімді түсіру үшін көлігімді кепілге қойдым. «Қызыл анар» фильмін солай түсірдім. Қолдағы ақша түсіруге ғана жетті, постөндіріске ештеңе қалмады. Пандемия енді ғана аяқталып келе жатқан кез, жұмыс жоқ. Амалын тауып күнкөріс жасауға тура келді. Содан кейін бір компаниямен байланысып, олар фильмді ұнатып, постөндіріспен қамтамасыз етті. Одан кейін үшінші фильмімді шығарды, ал жақында төртінші фильмді шығарамыз.
Төртінші фильм — жиырма жыл түрмеде отырып шыққан әйел туралы. Үйіне оралған әйелдің хикаясы. Қоғамның әйелдерге деген көзқарасы қатаң. Біздің бір көршіміз бар еді. Тұрмысы ауыр болатын. Бірде күйеуі бірдеңе ұрлап ұсталды да, неге екені белгісіз, келіншек күйеуінің қылмысын өз мойнына алды. Бұл туралы бәрі білетін. Келіншек үш жыл түрмеде отырып шықты, күйеуі төрт баламен қалды. Ал жазасын өтеп қайтып келгенде, ол әйелден барлығы теріс айналды. Бұл менің балалық шағымдағы жағдай болса да, есімде қатты қалды. Тіпті балалықпен бірдеңе бүлдіріп қойсақ, анам бізді сол әйел алып кетеді деп қорқытатын. Ақыры сол көршіміз жан-жақтың қысымына шыдамай, көшіп кетті. Неліктен бұлай болады? Осыған ұқсас тағы бір оқиғаны білемін. Сегіз жыл түрмеде отырып шыққан ер адамға бәрі кешіріммен қарап, «өмір болған соң, кез келген адам қателесуі мүмкін» деп қарсы алып еді. Ер адам ғой, жалғыздығы жараспас деп, жар тауып берген. Ол үйлі-жайлы болып, қазір тәп-тәуір өмір сүріп жатыр.
2017 жылы «Еуразия» кинофестивалінде Eurasia Spotlight питчингіне осы тақырыптағы «Сілеусін» жобасымен қатысып, бас жүлдеге ие болдым. Анна Качко продюсерлік жұмысқа кірісті. Екеуіміз осы жобамен Берлиналеге бардық. Сол кездегі мәдениет министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы мен туралы ақпарат құралдарынан естіп біліп, қолдау көрсетпек болды. Бірақ хикаяның түрмеде отырып шыққан әйел туралы екенін білгенде, маған қоңырау шалып: «Сіз неге ондай жаман фильмдер түсіресіз? Қажеті қанша?» — деді. Сөйтіп жобаның жолын жапты. Одан кейін ҰКҚМО-ның ашық байқауына екі рет қатысқаныммен, түк шықпады. Сценарийді өзгерттім, түрмеден келгенін ашып айтпай, жай ғана «бір жерден келді» дедім, бұл да көмектеспеді.
Шетелден азын-аулақ ақша іздедік, тіпті дайындықты да бастап кеттік. Сөйтіп жүргенде күтпеген жерден Гүлнар Сәрсеновамен кездесіп қалдым. Оқиғаны естіген соң: «Шетелден қолдау іздеп қайтесің, мен-ақ қолдайын», — деді. Гүлнар ханымның адамгершілігіне риза болдым. Түсірілім басталар алдында анам қайтыс болды, бұл маған қатты ауыр тиді. Күтуге мүмкіндік жоқ, бәрі төленіп қойған. Анамның қырқын өткізген соң күш-жігерімді жұмылдырып, фильмді түсірдік. Кез келген фильмде әлеуметтік жағына ерекше мән беремін деп бағана да айттым ғой. «Сілеусін» фильмінде отбасындағы әлімжеттік тақырыбын қозғадым. Бұл тақырыпты қозғамасқа болмады, мұны азаматтық ұстанымым деуге болады. Фильмді таяу арада көріп қаласыздар.
Неге тек әлеуметтік жағдайдың кейіпкерін шығарасыз, неге өткір тақырыптарды ғана көтересіз? Неге үнемі әйелді біреу ренжіткен болып шығады, неге әйелдер-ақ сондай жағдайға тап болып жүреді? Еркектерді көзге ілмей, неге әйелдер туралы ғана фильм түсіресіз? — деп мені кінәлайтындар бар. Менің ойымша, ер адамдар туралы неше түрлі драма түсіретін адам менсіз де жетеді. Әлдебір продюсер ер адам: «Әйелдер жайында болмаса, жобаңды қолдаймын», — деп те айтты. Келіскен жоқпын. (Күледі) Шынында да, бізде әйелдерді қолдау мәдениеті жоқ. Мәдениет министрлігін әйел басқарса да, ештеңе өзгермейді. Кинодағы гендерлік теңдік тақырыбында докторлық диссертация қорғадым. Тақырыбымды айтқан кезде, академиялық ортадағы әріптес әйелдер бұған қарсы болды десем, сенесіз бе? «Сен батыстың құндылығын тықпалап, қазақтың неке институтын бұзып жатырсың», — деді. Ал әріптес ер адамдар аса назар да аударған жоқ.
Кристина Михайлова: Шарипа, үлкен премьера көрсеткен, күрделі фильмдер түсірген танымал режиссёрсің. Болашағыңды қалай елестетесің? Еңбегіңе неғұрлым әділ көзқарас болғанын, фильм түсіруге жағдайың келісіп тұруын, яғни жеткілікті ақша болуын, түсірілім тобы мен қызметкерлерге бар жағдай жасалуын қалайсың ба?
Шарипа Оразбаева: Білмеймін тіпті. Бұрын қаржыландыру жағына қатты алаңдайтыным сонша, күйзеліске түсіп те кететінмін. Қазір әбден пістім. «Жарайды, барымен базар» деп жұмысты жалғастыра беремін. Кез келген тығырықтан шығатын жол бар. Бірдеңе жасағың келе ме, міндетті түрде жасайсың. Режиссура — менің сүйікті ісім, сондықтан ештеңеге қарамастан жұмысты жалғастырамын.
Кристина Михайлова: «Тұл» үмітсіздікке толы, өткір әлеуметтік мәселеге арналған фильм сияқты болып көрінуі мүмкін. Әйтсе де, фильмнің финалында сезінетін эмоциялық босану сезімінің орны бөлек. Ұзақ уақыт азап шегіп, әбден шегіне жеткенде, бәрі сондай жеңіл әрі мәні жоқ болып көрінеді. Бір қызығы, Жанна Исабаеваның ұдайы күңгірт және әсерлі фильмдерінен мұндайды сезінген жоқпын. Бәлкім, бұл әлеуметтік-саяси бедердің өзгергенінен шығар, өйткені әлеуметтік киноны әлеуметтік ахуалдан бөлек қабылдау мүмкін емес. Жанна Исабаеваның 2010-жылдардағы фильмдері мен Шарипа Оразбаеваның 2020-жылдардағы фильмдері екі түрлі Қазақстанда болып жатқан сияқты. Суреткер ретінде айналадағы жағдайды қалай сезінесің?
Шарипа Оразбаева: Өзгеріс болады деген үміт бар. Бұрын сыбайлас жемқорлық ашық түрде болатын, қазір жабық, жабық есіктің ары жағында сияқты әсер бар. (Күледі) Сондықтан біраз уақыттан кейін Жаңа Қазақстанға қолымыз жетеді деп үміттенемін. Жұмысыма қатысты да уайым жоқ. «Есіктен кіргізбесе, терезеден кір», — деген еді бір әйел. Мен үлгі алатын адам. Оскар алдым дейік, ары қарай не істеймін? Толыққанды өмір сүру үшін алдымда мақсат болғанын қалаймын.
Кристина Михайлова: Өзіңді «әйелдер» киносының өкілімін деп санайсың ба?
Шарипа Оразбаева: Кинематография әйелдікі не еркектікі деп бөлінбейді. Әйтсе де, әйел екенім рас. Бір адамға жаңа өмір бере алсаң, жауапкершілік пайда болады. Мен фильмдерім арқылы әйелдердің ішкі жай-күйін айқындай түскім келеді. Бұл жағынан Ларс фон Триер қатты ұнайды, әсіресе «Антихрист» пен «Қараңғыдағы биші» ерекше. Ол әйелдерді әрдайым тартымды етіп береді, әйел өзін қалай сезінетінін, қалай ойлайтынын, тіпті жыныстық қатынасқа қалай түсетінін көрсетеді. Әр режиссёрдің өзіне тән қолтаңбасы бар, оны салыстырмай, жеке-жеке қабылдау керек. Көркемдік тұрғысынан «еркек» не «әйел» деп бөлу маңызды емес.
Қаржыландыруға келсек, 30% деген гендерлік заң бар. Жобалардың кем дегенде 30%-ы әйелдер түсірген кино болуы керек. Президенттің бұл жөнінде айтқанынан министрлік хабардар деп ойлаймын. Гендерлік теңдік сақталуға тиіс және біз оны ашық талап етеміз.
Власть — это независимое медиа в Казахстане.
Поддержите журналистику, которой доверяют.
Мы верим, что справедливое общество невозможно построить без независимой журналистики и достоверной информации. Наша редакция работает над тем чтобы правда была доступна для наших читателей на фоне большой волны фейков, манипуляций и пропаганды. Поддержите Власть.
Поддержать Власть