Бес минуттық жиілік: Алматы метрополитенінде қосымша құрам желіге шығарылды

Алматы қаласының әкімдігі қаладағы жолаушылар ағынын сараптау нәтижесінде Алматы метрополитенінде жылжымалы құрам саны көбейтілетінін мәлімдеді. Енді метро қозғалысының жиілігі 5 минут болады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Әкімдіктің мәліметінше, қарбалас уақытта желіде 11 құрам 5 минут 38 секунд жиілікпен қызмет көрсететін болады.

“Оқу жылының басталысымен жолаушылар ағыны 70 мыңнан 90 мыңға дейін өсті. Талдау нәтижесінде жолаушылар саны күніне 100 мыңға дейін көбейгендігі ескеріліп, желіге қосымша құрам шығару туралы шешім қабылданды. Әр құрам жалпы сыйымдылығы 900 адамнан асатын 4 вагоннан тұрады”, – делінген хабарламада.

Алматы метрополитені 2011 жылғы 1 желтоқсанда іске қосылған болатын. Қазіргі кезде 11 станция бар. Тағы 4 станцияның құрылысы бойынша жұмыстар жүргізілуде.