Биліктің су тасқыны кезіндегі халықпен коммуникация жасаудағы қателігі мен оларды түзеу жолдары туралы сарапшылар сөзі
Су тасқыны басталғалы бері төтенше жағдайлар министрлігі мен басқа да мемлекеттік органдардың ақпарат ресурстары құтқару жұмыстары қалай жүріп жатқаны, қандай материал мен техника жұмылдырылғаны, қанша адам эвакуацияланып, қаншасы үйіне қайтқаны туралы ұдайы ақпарат таратып келеді.
Алайда билік аса маңызды сұрақтардан қашқақтайды, мәселен: су тасқыны кезінде қаза болғандар саны қанша? Әр елді мекендегі тасқынның қауіп деңгейі қандай? Халыққа көмек ретінде қанша қаражат бөлінді және ол дұрыс жұмсалып жатыр ма?
Оған қоса, биліктің топан су туралы хабарлары бір-біріне керағар. Бір жағынан өткен жылдың ортасынан бергі «ең жойқын су тасқыны» туралы айтса, екінші жағынан президент ақпарат құралдары мен блогерлерден «байбалам салмауды» талап етті.
Эксперттер мемлекеттің дағдарысқа қарсы коммуникациясы әдеттегіше әлсіз екенін айтады. Мемлекет барлық ықтимал сценарийге алдын ала дайындалу үшін коммуникация стратегияларын әзірлеуге кірісуі керек. Әйтпесе, онсыз да халықтың сеніміне ие бола алмаған мемлекет одан әрі коммуникация дағдарысына тап болады.
Су тасқыны кезіндегі ақпарат саясаты
Мемлекет су тасқыны туралы наурыз айының соңында белсенді түрде ақпарат таратты. Тасқын күшейген тұста Денсаулық сақтау министрлігінің қызметкерлерінен бастап, «Қазгидромет» қызметкерлеріне дейін ақпарат құралдарына арнап брифинг өткізе бастады. Әйтсе де, мемлекеттік органдардың ақпараты үзік-үзік болып, жалпы көрініске сай келмеді.
Көп ұзамай, билік су тасқынына қарсы және құтқару жұмыстары туралы ақпарат тарату әдісіне көшті. Енді әр күні зардап шеккен өңірлерді аралаған президент, премьер-министр мен оның орынбасарлары жаңалықтың бас кейіпкерлеріне айналды. Төтенше жағдайлар министрлігі мен су ресурстары министрлігі де мәлімдеме жасаумен болды. Әйтсе де, олар қысқаша жедел есеп берумен шектелді.
Есеп берудің өзі уақыт өте өзгерді. Кейінгі бір жарым аптада төтенше жағдайлар министрлігі беретін ақпараттың ішінде эвакуацияланғандар саны туралы ақпарат болмады, тек үйіне оралғандар саны айтылады.
Су тасқыны басталғалы бері мемлекеттік органдар, әсіресе төтенше жағдайлар министрлігі таратқан ақпараттың жалпы мазмұны – «барлығын бақылауда ұстап отырмыз» деген сарындағы ақпарат. Мұны Бристоль университетінің мемлекеттік саясат бойынша лекторы және Қазақстандағы саяси коммуникациялар туралы оқу құралының авторы Салтанат Жаненова айтады.
«Мемлекет бірдеңе істеуге тырысып жатқаны, әскерилер мен еріктілер көмектесіп жатқаны туралы ұдайы жазады. Осындай іс-әрекетінің арқасында жағдай ушықпай тұр дегенді көрсеткісі келеді».
Қазақстан баспасөз клубының президенті және PR маман Әсел Қарауылова әуел бастағы сәл кідіріске қарамастан, билік су тасқынына орай айтарлықтай тез әрекетке көшті дейді. Оның ойынша, бұл дағдарысқа қарсы коммуникация бойынша халықпен жұмыс істеуге арналған айқын механизмдер мен хаттама бар екенін көрсетеді.
«Мемлекет басшысының жолдауы болды, оның өңірлерге сапары, сол жердегі адамдармен кездесуі айтарлықтай кәсіби көрінді».
Десе де, ол билік ел арасында дүрбелең тудырмауға тырысып жатыр дегенмен келіседі. Ол үшін билік құтқарушылардың тынбай жұмыс істеп жатқанын көрсетіп, жағымды ақпараттық фон жасап жатыр.
«Бұл үйреншікті әдіс қой. Мемлекеттің коммуникация жасау менталитеті осындай».
Журналист, «Обожаю» YouTube жобасының авторы Асхат Ниязов ресми ақпараттың о бастан құрғақ әрі түсініксіз екенін байқаған. Ол ақпараттың ішінде суға кеткен үйлер мен жұмылдырылған техника саны, сондай-ақ тиімділігін бағаламаса да, атқарылған істер туралы айтылады.
«Мемлекет ешқашан қолынан бірдеңе келмей жатқанын жазбайды. Ал олар бүкіл жерді қамтып, бәріне үлгеріп жатқан жоқ қой: адамдар проблемамызды көрсетіңізші деп өтініп келеді».
Коммуникациядағы сәтсіздік
Су тасқыны аумағы кеңейген сайын мемлекет халықпен арадағы коммуникация барысында түрлі түсініксіз қадамға барды. Ең басты сәтсіздіктің бірі – су тасқыны кезінде қаза болғандар туралы ақпараттың жоқтығы. Төтенше жағдайлар министрлігі бірде-бір кісі өлімін тіркемеген.
Қаза болғандар туралы Сенатқа келген төтенше жағдайлар министрінің бірінші орынбасары Марат Қожаевқа журналистер сұрақ қойғаннан кейін белгілі болды. Қарауылова құрбандар туралы айту қашанда қиын екенін, өйткені ол қоғамда жағымсыз реакция тудыратынын айтады. Сол үшін мемлекет бұған назар аудармауға тырысады.
Мемлекеттің осындай үзік-үзік әрі таңдаулы коммуникациясы кесірінен қазақстандықтар су тасқынының қаупі және өзі мен мүлкін сақтап қалу жолдарын да нақты түсінбейді дейді Жаненова.
«Мемлекеттік органдардың ақпаратынан әр өңір мен елді мекен үшін жағдайдың қаншалықты қорқынышты екенін түсіну қиын. Егер адам су басқан мекенді өз көзімен көрмесе, жағдайдың қаншалықты ушыққанын түсіну қиын».
Ниязов мемлекет зардап шеккен елді мекен тұрғындарының айтатынына сәйкес келмейтін ақпаратты жиі беретінін баса айтады.
Мәселен, келтірілген залалға өтемақы төленетінін айтады, президенттен бастап, биліктің барлық деңгейінен айтылады. Әйтсе де, халық бұрынғы тәжірибесіне сүйеніп, өтемақыны не өте төмен мөлшерде алатынын, не мүлде бермегенін алға тартады.
«Жақында ғана естіген ақпаратымды айтсам, Солтүстік Қазақстан облысындағы Заречный ауылында үй салғанмен, оны рәсімдеп үлгермеген адамдар бар. Үйді су шайып кеткен, ал билік үйдің құжаты рәсімделмегендіктен, өтемақы төленбейтінін айтқан».
Сол себепті тасқын сумен бетпе-бет келген халық ресми ақпаратқа сене бермейді. Ал мүлкінен айырылып қалам ба деген қауіп эвакуациядан бас тартуға итермелейді. Оған қоса, 2017 жылғы су тасқынынан кейін халық ұры-қарыдан қорқады. Ол кезде де ресми ақпаратта бәрі жақсы болғанымен, мемлекет жеткілікті деңгейде қорғауды қамтамасыз ете алмаған болатын.
Қарауылова орталық органдар беделіне нұқсан келтіруден қауіптеніп, барлығын өңірлердің басшылығына артатынын айтады.
Жаненова су тасқыны туралы ескертіп, оны бақылауда ұстауы керек болғандарға жаза қарастырылмағанын қосты: «Ақпарат құралдарында бөгет салуға ақша бөлінгені айтылды. Алайда бұл ақша қайда және қайда жұмсалды деген сұраққа жауап жоқ».
Мемлекеттің Forbes тізіміндегі олигархтар мен бизнесмендердің көмегімен су тасқынының салдарын жоюға деген ұмтылысының аясында бұл керағар көрінеді.
«Қазіргі күн тәртібінен түсінгеніміз, мемлекеттің ақшасы жетпейді, сондықтан «Әділетті Қазақстан» саясаты аясында кәсіпкерлерге қысым жасалып жатыр. Бұл ретте ел арасында талай жыл бойы бөгет пен тоған салуға бөлінген бюджет қаражаты қалай игерілді деген сауалдар туындап жатыр. Қаржылай көмектің өңірлерге қалай бөлініп жатқаны жөнінде ашықтық қажет», – дейді Жаненова.
Мұны қалай түзеуге болады?
Біз сөйлескен сарапшылар билікке дәл қазіргі жағдайда бұрынғы ұлттық экономика министрі Қуандық Бишімбаевтың сот процесі жақсы көмектескенін айтады. Бұл процесс қоғамның саясатқа қызығатын бөлігінің бар назарын жаулап алып, мемлекеттің су тасқыны кезіндегі іс-әрекетіне қатысты сын деңгейін төмендетті.
Мамандар дағдарыс кезіндегі мемлекеттік коммуникация стратегиясының әдеттегідей әлсіз екеніне нұсқайды. Соның кесірінен мемлекет басшылығы көп қателік жасап, беделіне нұқсан келді. Ал ол халықтың сеніміне әсер етті.
Қарауылова ылғи қайталанатын дағдарысқа оқиғаның дамуы мен ықтимал қауіптерді қарастыратын жоғары сапалы стратегия әзірлеу маңызды деп санайды. Ал кейін бұл қауіптерді ықтималдық дәрежесі бойынша жіктеп, өте түсінікті коммуникация құралдарымен қадам-қадамнан тұратын алгоритмдер жазу керек.
Жаненова үнсіз қадағалау стратегиясынан бас тартып, оның орнына халықпен тұрақты, толық әрі дер кезінде байланыс орнатуға көшу керек деп санайды. Ол үшін су басқан аумақ тұрғындарынан бастап, көмек көрсету ұйымдарына дейінгі барлық мақсатты топпен өзара әрекеттесу жолдарын әзірлеу маңызды.
Ниязовтың айтуынша, мемлекет тарапынан болып жатқан негізгі кемшілік – журналистердің жұмысына кедергі жасау. Мемлекеттің ақпарат саясатынан көңілі қалған халық дәл сол журналистерге сенеді.
Ол журналистерге тек ресми онлайн арналардан ақпарат алуға рұқсат беріп, дронмен судың ағысын түсіруге тыйым салған Батыс Қазақстандағы жағдайды еске алды.
«Сөйтіп, Телеграм арнамызда Орал тұрғындарынан: «Қалай ойлайсыздар, Жайық өзеніндегі су қаншалықты көтеріледі?» – деп сұраймыз. Мұндай уақытта викторинаның мәні бар ма? Миға сыймайды тіпті. Журналистер мұндаймен айналыспауы керек. Бірақ олардың таңдауы жоқ, оларды апат аймағына жібермейді».
Сондықтан мемлекет шектеу мен тыйымдардан бас тартып, журналистерден қашпай, халықтың атынан қойып жатқан сұрақтарына жауап беруі керек. Шынымен де көп адамға қауіп төндіруі мүмкін фейк жаңалықтар шығып жатса, әңгіме басқа. Мәселен, Қазақстанда емес, басқа жерде бөгеттің жарылған видеосы елді дүрліктіруі мүмкін.
Қарауылова дағдарыс кезеңінде мемлекет қоғаммен ақпараттық жұмыс істеу тәсілін өзгертуі керек деп санайды, өйткені елде дағдарыстар жиі болып тұрады.
«Билік дағдарысқа қарсы коммуникациялар мен ашықтық саясатының не екенін және оларды қалай жүзеге асыру керегін түпкілікті түсінуі керек. Дағдарыс жағдайында кез келген ақпарат туралы тіс жармау одан да үлкен дағдарысқа әкелетінін естен шығармауы маңызды».
Поддержите журналистику, которой доверяют.